"2021 жылдың 5 қаңтарында Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі "Отбасы банк" тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" акционерлік қоғамына ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) қызметтің жаңа түрі - біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін жеке тұлғалардың ағымдағы банк шоттарын ашуға және жүргізуге рұқсат берді", – деп жазылған хабарламада.
Зейнетақы төлемдерін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделуге ақы төлеу сынды бағыт бойынша арнайы ағымдағы шоттан нысаналы мақсатына аударып, пайдалануға болады. Сондықтан біржолғы зейнетақы төлемдерін аударуға арналған арнайы шоттарды ашу және жүргізуге байланысты қызметтің жаңа түрін айқындау үшін тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы туралы заңдарға өзгерістер енгізілді.
"Бұл зейнетақы қорының салымшысына қаражат арнайы ағымдағы шотқа аударғаннан кейін зейнетақы жинағының қауіпсіздігіне сенімді болуға мүмкіндік беретін бірегей заңнамалық бастама. Қаражат барынша қорғалатын болады, оларды салымшының өзге қарыздық міндеттемелері шеңберінде ешбір несие беруші есептен шығара алмайды. Аталмыш қаражатты салық берешегі бойынша өндіріп алу мүмкін емес, тіпті бұл ақша мүлікті тәркілеу туралы сот үкімдерінен де қорғалған. Осылайша, ешбір үшінші тұлға оларды талап ете алмайды", - деді "Отбасы Банк" АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Біржолғы зейнетақы төлемдерінің осылай жіті қорғалуын қамтамасыз ету үшін азаматтық, азаматтық іс жүргізу, қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, отбасы және неке кодексіне, Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Біржолғы зейнетақы төлемдері аударылатын арнайы ағымдағы шотты "ЖССБ24" мобильді қосымшасы арқылы және банк сайтындағы бейнеқоңырау қызметі арқылы ашуға болады. Сәйкесінше, өтініш берушілерге бөлімшелерге барудың қажеті жоқ. Мұндай шотты ашуға байланысты операциялардың барлығын онлайн жүзеге асыруға болады.
"Арнайы шот ашпай тұрып, қолжетімді соманы қандай мақсатта пайдаланғыңыз келетінін анықтап алуға кеңес береміз. Оны "Отбасы Банк" АҚ құрастырған онлайн платформада жасауға болады. Өтінімдерді онлайн платформада нормативтік-құқықтық құжаттар бекітілгеннен кейін беруге болады", – деп жазылған хабарламада.