Әлеуметтік желілер мен бейнехостингтерде таралып жатқан зейнетақы төлемдерінен 20% ұстап қалу енгізілді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Белгісіз тұлғалардың deepfake технологияларын пайдалана отырып, ынтымақты зейнетақы төлемдері 20%-ға қысқартылады деген жалған мәліметі бар бейнероликтер таратып жатқанын хабарлаймыз. Еске саламыз, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға арттырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде жыл сайын кезең-кезеңімен ең төменгі базалық зейнетақы мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғары мөлшері 120%-ына дейін ұлғайтылуда", – делінген ресми хабарламада.
Биылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70%-ы), ал ең жоғары мөлшері күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін ұлғайтылып, 60 005 теңге болды.
Ведомство азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Сонымен қатар қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделгенін еске салды.