Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинағын жеке компаниялардың басқаруына беру тетігіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз бұл шешімді құптаймыз, себебі азаматтардың таңдау құқығы болуы тиіс. Бұл адамның барлық зейнетақы жинағын БЖЗҚ-дан алып, оны жеке компанияға беруі тиіс дегенді білдірмейді. Соңғы шешімді салымшының өзі қабылдайды", – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, салымшылар бұрынғыдай жинақтарын зейнетақы қорында қалдыра алады. Ал зейнетке шығуына әлі көп уақыт бар қазақстандықтар инвестициялық саясаты белсендірек басқарушы компанияны таңдай алады.
"Бірнеше триллион теңгелік инвестициялық портфельді басқару оңай емес. Бұл – өте ірі активтер көлемі", – деді ол.
Ұлттық банк басшысының сөзінше, компаниялардың қызмет нәтижесін, инвестициялық стратегиясын және уәделерін жіті зерделеп, содан кейін ғана шешім қабылдаған жөн.
Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендеткенін жазғанбыз.