Қазақстанда зейнетақы жүйесін жаңғыртуға бағытталған жаңа ұсыныс қарастырылып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ұсынылған модельге сәйкес, жұмыс берушінің 5 пайыздық міндетті зейнетақы жарнасы қайта бөлінуі мүмкін: оның 4 пайызы жеке зейнетақы шоттарына аударылса, 1 пайызы ортақ қорға бағытталады. Қор басшысы Жанат Құрмановтың айтуынша, бұл тәсіл бірнеше жылдан бері мемлекеттік органдар, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге жан-жақты пысықталып келеді.
Мұндай өзгерістердің қажеттілігі халықтың өмір сүру ұзақтығының артуымен тікелей байланысты. Қазіргі статистика бойынша, зейнетке шыққаннан кейінгі орташа өмір сүру жасы 79–81 жас аралығында. Алайда осы кезеңнен кейін көптеген азаматтардың жинақтары таусылып, олар тек базалық мемлекеттік зейнетақыға тәуелді болып қалады.
Сарапшылардың пікірінше, жинақ көлемі қаншалықты жоғары болса да, уақыт өте келе оның сарқылуы – табиғи процесс. Әсіресе 80 жастан кейін азаматтардың тұрақты табысқа деген қажеттілігі артып, табысты алмастыру деңгейі күрт төмендейді. Сондықтан халықаралық тәжірибеде де жинақтар аяқталғаннан кейін тұрақты төлем көздерін сақтау мәселесіне ерекше мән беріледі.
Осыған байланысты ұсынылып отырған модель егде жастағы адамдар үшін ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.