Зейнетке ерте шыққысы келмейтін кеншілер де бар – Ералы Тоғжанов

998

Министрлік кеншілерді жеңілдікпен зейнетке шығарудың шығынын есептеп жатыр.

Зейнетке ерте шыққысы келмейтін кеншілер де бар – Ералы Тоғжанов

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов кеншілерді зейнетке жеңілдікпен шығару мәселесіне қатысты пікір білдірді.

"Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Кейбіреулер зейнет жасын төмендету мәселесін көтеріп жатыр ғой. Бірақ бәрі оған келісе бермейді. Өйткені зейнетке ерте кетсе, ақшалай табысы азайып қалуы мүмкін. Бұл мәселе бойынша кеншілердің өз арасында түрлі ұстаным бар. Кейбір шахталарда жұмысшылар бұл бізге мүлде қажет емес дегенді айтып отыр. Өйткені жерасты шахталарында жұмыс істейтіндер 500 мың теңге деңгейінде табыс табады. Әрине, ешкім ондай ақшадан айырылғысы келмейді. Сондықтан бұл мәселе бойынша өте терең әлеуметтік өлшемдер мен сауалнамалар жүргізу қажет. Одан кейін шахтаның да түр-түрі бар.  Мысалы Жезқазған шахталарында жұмыс жағдайы жақсырақ. Бұл мәселе оңай шаруа емес, мұқият талдауды талап етеді. Бұл кеншілерден бөлек металлургтерге де қатысты. Мәселені әуелі жұмысшылардың өзімен тікелей пысықтау керек", – деді Ералы Тоғжанов.

Аталмыш мәселе қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жан-жақты есептеліп жатқан көрінеді. Кәсіподақ федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінекеев осындай ақпар берді.

"Қарағанды өңірінің көмір кәсіпорындарын аралау кезінде кәсіби шахталарға түсіп тұрып, мәселелерін тыңдағанбыз... Кеншілердің көкейінде үш мәселе бар. Оның бірі сіз айтқан зейнет жасына қатысты. Кәсіптік одақ ретінде бұл мәселеге жақ ашпай қала алмаймыз. Үшжақты комиссияның отырысында бұл мәселені көтергенбіз. Вице-премьер Бердібек Сапарбаев сол жерде-ақ мүдделі министрліктер мен ведомстволарға аталмыш мәселенің экономикалық жағын, құнын есептеуді тапсырды. Аталмыш санаттағы тұлғалар жеңілдікпен зейнетке шығатын болса, бюджетке қанша шығын келетінін есептеу жүктелген", – деді ол.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу