Францияда әйеліне дәрі беріп ұйықтатып, кейін оны ер адамдарға зорлатқан Доминик Пеликоның ісі бойынша сот жүріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
2020 жылы 68 жастағы Жизель Пелико ұйқыдан тұрғанда өзін жайсыз сезініп, бір нәрсе дұрыс емес екенін сезген. Себебі шашы қиылып, денесінде түрлі өзгерістерді байқайтын, бірақ есіне ештеңе келмейтін. Бара-бара ол кешінің қалай өткенін, кейде тіпті күндерді де ұмытатын болған. Сөйтіп ол есте сақтау қабілеті төмендегеніне алаңдап, невропатологқа жүгінген, алайда кінәрат табылмапты.
Сондай-ақ гинекологиялық аурулар да оны алаңдата бастады.
Кейін 50 жыл некеде болған Жизельдің компьютерінен порнографиялық материалдар табылды. Ерлі-зайыптының үш баласы, жеті немересі бар.
Күйеуі 2011 жылдан бері Жизельді зорлатып, оны видеоға түсіріп жүрген. Оған ұйықтататын дәріні сусынына қосып отырған.
Доминик Пеликот coco.fr форумында әйелін зорлағысы келетіндерді іздеп, үйіне шақыратын болған. Содан кейін Пелико камераны қосып, әйелі ес-түссіз жатқанда оны қалай зорлағанын түсіруді ермек санаған.
Сондай-ақ полицейлер әйелді зорлаған ер адамдардың бірінде АИТВ індеті бар екенін анықтады. Пелико АИТВ жұқтырмады, бірақ жыныстық жолмен берілетін басқа ауруға шалдыққан.
Доминик қамауға алынды, қыркүйекте сот басталды. Бірнеше жыл бойы тергеу барысында полиция 84 ер адамның 50-ін анықтай алды.
Сот отырысы барысында Жизель Пелико Францияда сексуалдық қылмыстармен күрестің символына айналды. Оны қолдау мақсатында елде бірнеше митингтер өтіп жатыр.
Париж, Марсель, Бордо, Страсбург, Нант пен Ренн қалаларында 72 жастағы Жизель Пеликоны қолдау акциялары өтті. Демонстранттар "Ерлігіңіз үшін рахмет", "Жәбірлену ұят емес, зорлаушылар ұялуы керек" деген плакаттарды ұстап шықты. Париждің өзінде демонстрацияға 3,5 мың адам шықты.