29 сәуірде Қарағанды қаласының ПБ Михайлов полиция бөліміне 65 жастағы қала тұрғыны жүгінген. Зейнеткердің айтуынша, бір сайттан несие алуға көмек ұсынған хабарландыру тапқан. Сәйкесінше ер адам онымен байланысқа шығып, жәбірленушінің сеніміне кірген. Зейнеткер оған бір млн теңге көлемінде ақша алу үшін өз мәліметтерін берген. Кейіннен белгілі болғандай, өтініш берушінің атынан ресімделген несие басқа біреудің шотына аударылған.
"Аталған факт бойынша полиция ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) қылмыстық іс қозғады. 30 сәуірде жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері банктердің бірінің қызметкері болып шыққан 21 жастағы жас жігітті анықтап, ұстады. Ол кінәсін толық мойындады. Тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр",- деп жазылған хабарламада.