Алматы облысының полицейлері зейнеткерлер отбасына шабуыл жасаған екі азаматты тұтқындады, деп хабарлайды inform.kz.
Ішкі істер басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, 18 наурыз күні Еңбекшіқазақ ауданындағы саяжайлардың бірінде ерлі-зайыпты қарияларға екі адам шабуыл жасаған. Қылмыскерлер зейнеткерлерді пышақтап 400 мың теңгесін алып кеткен.
"Жараланған 67-70 жастағы екі зейнеткер ауруханаға жеткізілді. Жедел іздестіру шараларын жүргізіп, екі күдіктіні де қолға түсірдік. Олардың бірі бұған дейін бірнеше рет сотты болған азамат. Олар Қарағанды облысының аумағында жасырынбақ болған. Көрші облыстағы әріптестердің көмегімен екі күдікті де Саран қаласында ұсталды. Қылмыскерлер Еңбекшіқазақ ауданы ішкі істер бөліміне жеткізілді", – деп жазылған баспасөз баянында.
Жараланған зейнеткерлер әлі ауруханада. Ал күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардан зейнеткерлерден тартып алған ақшаның бір бөлігі (90 мың теңге) тәркіленді. Қылмыстық іске қатысты тергеу шаралары қолға алынды.