Украина президенті Ақ үйдегі даулы кездесуінен кейін Дональд Трамппен қарым-қатынасын қалпына келтіруге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Зеленский АҚШ-пен пайдалы қазбалар жөнінде келісім жасауға дайын екенін және жексенбі күні Еуропа басшыларымен АҚШ-қа бейбітшілік жоспарының жобасын жіберу туралы өткен талқылауды маңызды оқиға ретінде атады.
Тікелей эфирде көрсетілген кездесуде Трамп Зеленскийді "АҚШ-тың көмегіне алғыс білдірмеді" деп айыптап, оның еліне құрметсіздік танытқанын және Үшінші дүниежүзілік соғыс қаупін тудырғанын айтқан болатын.
Зеленский Лондонда Еуропа басшыларымен өткен саммиттен кейін журналистерге әуежайда тұрып сұхбат берді. Ол Еуропа елдеріне қолдауы үшін алғыс айтқанымен, Ақ үйдегі болған оқиғаларға көңілі толмағанын жеткізіп, Вашингтонмен диалогты жалғастыруға деген нақты ниетін көрсетті.
Зеленский АҚШ-тың Украинаға көмегін тоқтататынына сенбейді.
– Қарым-қатынасты сақтауға келсек, менің ойымша, ол жалғасады. Мұндай талқылаулардың толық ашық түрде өтуі дұрыс деп санамаймын. Бұл кездесудің форматы бізге серіктестер ретінде ешқандай оң нәтиже немесе қосымша мүмкіндік алып келді деп ойламаймын, – деп қоса кетті ол Лондондағы саммиттен кейін.
Зеленский Украинаның ең ірі әскери қолдаушысы ретінде АҚШ-қа сүйенетінін ашық айтты.
– АҚШ – өркениетті әлемнің көшбасшысы, – деді ол.
Зеленскийдің Вашингтон сапарының кенеттен аяқталуы Украина үміт артқан пайдалы қазбалар жөніндегі келісімнің қол қойылмай қалуына әкеліп соқты. Ол Украина әлі де келісімге қол қоюға дайын екенін мәлімдеді.
– Біз қол қоюға келістік және оған дайын едік. Шынымды айтсам, АҚШ та дайын болғанына сенімдімін, – деді Зеленский.
Трамп пайдалы қазбалар жөніндегі келісімді Украинаға бөлінген миллиардтаған долларлық көмекті қайтарудың бір жолы ретінде көрсеткісі келеді. Еске салайық, Украина әлемдегі ең бай литий және сирек кездесетін металдар кен орындарына ие.
Зеленскийдің сөзінше, келеңсіз жағдайдан кейін Киев пен Вашингтон арасында байланыс болған.
– Менің "отставкам" жайлы айтсақ, егер мені ауыстырғысы келсе... Мені өзгерту оңай емес, өйткені жай ғана сайлау өткізу жеткіліксіз. Мені сайлауға қатыстырмау керек болады, ал бұл сәл күрделірек, – деді ол.
Зеленский бұған дейін де айтқанындай, Украина НАТО-ға мүше болса, өз миссиясын орындаған деп есептелетінін жеткізді.
Осыған дейін Украина президентінің Ұлыбритания патшасымен кездескенін жазған едік.