Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті

151

Бұл туралы Зеленский әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесті Фото: Zelenskiy

Украина Президенті Владимир Зеленский мен АҚШ Президенті Дональд Трамп маңызды келіссөз жүргізіп, басты назарды соғысты тоқтатуға аударды. 

"Президент Трамппен өнімді әрі мазмұнды әңгіме өрбіді. Басты мәселе – соғысты тоқтату. АҚШ Президентіне әділетті және ұзақмерзімді бейбітшілікке қол жеткізу жолындағы күш-жігері үшін алғыс білдіремін. Қан төгіс тезірек аяқталуы тиіс, біз бұған толықтай қолдау көрсетеміз", – деді Украина басшысы.

Зеленскийдің айтуынша, тараптар ұстанымдарын үйлестіріп, қазіргі жағдайға ортақ баға берді. Ресей тарапы соғыс қимылдарының ауқымын арттырып, Украина қалаларына бағытталған соққылардың жиілігін күшейтуде. Президент Трамп Киевке және өзге де қалаларға жасалған шабуылдар туралы толық хабардар.

Әңгіме барысында Ресейге қарсы санкциялар да сөз болды. Зеленский Ресей экономикасының әлсіреп жатқанын атап өтті. "Мәскеу бұл үрдіске ерекше мән беріп отыр. Ал Трамптың саяси ерік-жігері көптеген процесті өзгерте алады", – деді ол.

Екі ел көшбасшылары Еуропалық одақ пен НАТО елдерінің Украинаға беріп отырған қолдауын да атап өтті. Нидерланд, Швеция, Норвегия және Данияның бірлескен шешімімен Украина 1 миллиард доллардан астам сомаға АҚШ-тың заманауи қару-жарағына қол жеткізбек. Зеленский бұл – елдің қорғаныс әлеуетін күшейтуге бағытталған маңызды қадам екенін айтты.

Кездесуде Украина мен АҚШ арасындағы екіжақты қорғаныс серіктестігі де сөз болды. Атап айтқанда, украин тарабы дрондар туралы келісім жобасын әзірлеп қойған. "Бұл – ең мықты келісімдердің бірі болмақ. Біз оны егжей-тегжейлі талқылап, жүзеге асыруға дайынбыз", – деді Зеленский.

Украина Президенті АҚШ халқына ризашылығын білдіріп, украин халқының өмірін қорғауға бағытталған әрбір қолдауға алғыс айтты.

"Біздің бейбітшілігіміз үшін жанашырлық танытқан әрбір америкалық жүрекке рахмет. Президент Трамп, сізге де шын жүректен алғыс айтамын", – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу