Зеленский: Бейбітшілікті украиндардан артық ешкім қаламайды

Украина президенті соғысты аяқтау үшін тезірек жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. 

Зеленский: Бейбітшілікті украиндардан артық ешкім қаламайды Фото: elle.ua

Ол АҚШ президентімен келіссөздердің өз жоспарындай өтпегенін X әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Зеленскийдің сөзінше, дәл қазір бейбітшілікті украиндардан артық ешкім қаламайды. 

– Тағы бір рет атап өткім келеді. Украина бейбітшілікке ұмтылады. Біз шексіз соғыс болғанын қаламаймыз. Украина берік бейбітшілікке жақындау үшін мүмкіндігінше тезірек келіссөздер үстеліне отыруға дайын. Бейбітшілікті украиндардан артық ешкім қаламайды. Менің командам және өзім президент Трамптың мықты басшылығымен тұрақты бейбітшілікке жету үшін жұмыс істеуге дайынбыз, – деп ағынан жарылды ол. 

Ол жазбасында Украинаның соғысты тезірек аяқтауға дайын екенін жеткізді. Алғашқы қадамдардың бірі ретінде тұтқындарды босату, әуедегі соғысты тоқтату (зымыран, алыс қашықтыққа ұшатын дрондар, энергетикалық және басқа да азаматтық инфрақұрылымдарға шабуылдар) және теңіздегі қақтығысты доғару қарастырылуы мүмкін. Украина президенті мұндай қадамның іске асуы Ресейге де байланысты екенін атап өткен. 

– АҚШ-тың Украина егемендігі мен тәуелсіздігін сақтау үшін жасаған барлық көмегін біз өте жоғары бағалаймыз. Президент Трамп Украинаға "Джавелин" берген маңызды кезеңді де ұмытқан жоқпыз. Біз бұған ризамыз, – деді Зеленский. 

Ақ үйден Зеленскийдің шұғыл шығып кетуінен соң минералдық ресурстар жөніндегі келісімге қол қойылмай қалған еді. Украина президенті осы мәселеге де тоқталды. 

– Бұл келісімді біз қауіпсіздікті күшейту мен берік кепілдіктерге қадам ретінде қарастырамыз және оның тиімді жұмыс істейтініне шын жүректен үміттенеміз, – деді Зеленский.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу