Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинді соғыс жүріп жатқан Донбастың кез келген жерінде кездесуге шақырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz Украина басшысының видео үндеуіне сілтеме жасап.
Ол ресейлік әскердің Украина шекарасына тартылуына алаңдаушылығын білдірді. Сонымен қатар Зеленский соғысты қаламайтынын, бірақ шайқасқа дайын екенін тілге тиек ете келе, соғыс бола қалған жағдайда екі жақтың да жеңілетінін және миллиондаған адамның құрбан болатынын мәлім етті.
Бұған дейін Ресей Федерациясының 4 мыңға жуық әскериі Украинамен арадағы шекараға жиналғаны хабарланған еді. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде Ресей Брянск, Воронеж және Ростов облыстарына, сондай-ақ Қырымға қосымша әскер жіберіп жатқандығы туралы хабарламалар пайда бола бастады.
АҚШ және ЕО осы жағдайға алаңдаушылығын білдіріп, Мәскеуді шиеленісті ушықтырмауға үндеп отыр.
Табиғат Нұрболат