Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинді Ватиканда кездесуге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
"Қасиетті Тақ – бұл моральдық абыройға ие жер. Осы күнге дейін Ватикан бейтарап позицияны ұстанып, дауласқандарды татуластырып, делдал рөлін атқарып келді", – деді Зеленский. Ол сондай-ақ Ватиканның өткен ғасырларда мемлекеттер арасындағы шиеленісті шешуге шақырылғанын айтты.
Бұған дейін Зеленский Путинді соғыс жүріп жатқан Донбастың кез келген жерінде кездесуге шақырған болатын. Бірақ Ресей президенті ұсынысты қабыл алмай, Украина басшысы бұл мәселені өз егемендігін жариялаған республикалардың өкілдерімен талқылау керектігін айтып, Зеленскийді келіссөздерді Мәскеуде жүргізуді ұсынды.
Еске сала кетсек, Қырым Ресейдің құрамына 2014 жылы енгеннен кейін, Киев пен Мәскеу арасындағы қарым-қатынас ушығып кеткен еді. Украина, ЕО елдері және АҚШ түбектің материктік Ресейге қосылуын аннексия дей отырып, өткізілген референдумның нәтижесін мойындаудан бас тартқан болатын.
Табиғат Нұрболат