Украина президенті Владимир Зеленский тек Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Сонымен қатар ол қақтығысты тоқтату мәселесі талқыланса ғана келіссөздерге қатысатынын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Мен Ресей Федерациясының президентінен басқа ресми тұлғамен кездесу жағын қарастырмаймын. Егер соғысты тоқтату мәселесі көтерілсе ғана онымен келіссөз жүргізуге дайынмын. Ал басқа мәселелер туралы айтатын ештеңе жоқ", – деді Зеленский.
Ол мұндай кездесуді ұйымдастыру қиындай түсетінін айтты.
"Уақыт өткен сайын мемлекеттеріміз арасында президент деңгейінде кездесу ұйымдастыру қиындай түсуде. Дегенмен біз қақтығысты тоқтатуға тырысуымыз керек ", – деді Украина басшысы.
Бұған дейін Зеленский Путинмен кездесуге дайындалудың қажеті жоқ, өйткені онымен кез-келген мәселені талқылауға дайын екенін айтқан болатын.
Табиғат Нұрболат
Фото: ukrinform.ru