Украина Президенті Владимир Зеленский Ресейдің қару-жарақты тастап, дипломатияға көшуге тура келетін кезеңге жақындап келе жатқанын мәлім етті. Бұл туралы президент кезекті видео үндеуінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Зеленский өз сөзінде украиналық әскерилерге алғысын білдірді.
"Бүгін Ресей әскері Харьковқа тағы да оқ жаудырды. Украина мен Ресей шекарасы арқылы Сумская облысына да шабуыл жасалды. Херсон облысы үшін күрес жалғасуда. Біртіндеп өз жерлерімізді қайтарып жатырмыз. Ресей қаруын тастап, келіссөз жүргізуге бет бұратын кезеңге таяп келеміз. Міндетті түрде сондай күн туады", – деді ол.
УНИАН агенттігінің дерегі бойынша, 24 ақпан мен 30 мамыр аралығында Ресейдің 30 350 әскериі қаза тапты, 1 349 танкі, 3 282 броньды көлігі, 643 артиллериялық жүйесі, 207 ұшағы, 174 тікұшағы жойылды.
Табиғат Нұрболат
Фото: Украина президентінің кеңсесінен