Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трампты өз еліне шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты УНИАН-ға сілтеме жасап.
Бұл туралы Зеленский Кривой Рог қаласында CBS арнасына берген сұхбатында айтты.
"Біз сіздің (ред. – Трамп) ұстанымыңызға құрметпен қараймыз. Алайда, қандай да бір шешім қабылдамас бұрын немесе келіссөз жоспарын құрмас бұрын, осында келуіңізді өтінемін. Адамдардың, бейбіт тұрғындардың, әскерилердің, балалардың қалай қырылғанын немесе ауруханалардың, шіркеулердің қалай жойылғанын өз көзіңізбен көріңіз", - деді Украина басшысы.
Оның айтуынша, Трамп Украинаға келгеннен кейін "Путиннің не істегенін түсінеді".
"Біздің халық ең жоғары бағаны төлеп отыр. Біз барлық ақшамызды бердік. Адамдарымыздан айырылдық", - деді Владимир Зеленский.
Зеленский Трамп Украина жағында болуы тиіс екенін баса айтты. АҚШ-тың бұл мәселеде бейтарап ұстанымда болғысы келетіні дұрыс емес, дейді ол.