Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үй басшысы Дональд Трамптың Киев Вашингтонның қолдауына алғыс білдірмеді деген айыптауына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Украина АҚШ-қа, әрбір америкалыққа және президент Трампқа көрсетілген көмегі үшін алғыс айтады. Бұл қолдау украиндардың өмірін сақтап келеді", – деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.
Бұдан басқа Зеленский еліне қолдау көрсетіп жатқан өзге серіктестеріне де алғысын жеткізді. Олардың қатарында Еуропа, G7 және G20 елдері бар. Украина басшысының сөзінше, қазір көптеген мемлекет пен көшбасшылардың бейбітшілік үшін барын салуы аса маңызды болып отыр. Ол Киев бейбіт жоспардың әр тармағын, бейбітшілікке жеткізетін әрбір қадамды жіті пысықтап жатқанын жеткізді.
"Бұл соғыс аяқталып, енді қайталанбас үшін бәрі дұрыс жасалуы тиіс", – деп атап өтті ол.
Айта кету керек, бұған дейін Ердоған Путинмен Украина мәселесін талқылайтынын жазғанбыз. Украина, Еуропа және АҚШ өкілдерінің келіссөзі Женевада басталды.