Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің Курск облысында тұтқынға алынған Солтүстік Корея сарбаздарынан жауап алу сәтін жариялады. Киев оларды Ресей тұтқынындағы украиналық әскерилермен алмастыруға дайын, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Екі солтүстік кореялық сарбаздың суреті Facebook-те жарияланды.
"Украина қолына түскен Солтүстік Кореяның алғашқы сарбаздарынан бөлек, басқалары да болатыны сөзсіз. Бұл уақыт еншісінде. Украина Ким Чен Ынның адамдарын беруге дайын. Бұл үшін ол өз сарбаздарын Ресейде тұтқында отырған жауынгерлерімізге алмастыруды ұйымдастыра алуы тиіс", – деп жазды Украина басшысы.
Владимир Зеленский отанына қайтып оралғысы келмейтін КХДР сарбаздары үшін басқа да жолдар қарастырылуы мүмкін екенін айтты.
"Осы соғыс туралы корей шындығын таратуға ниет білдіргендер осындай мүмкіндікке ие болады", – деді Украина президенті.