Зеленский Украинадағы сыбайлас жемқорлықпен қатаң күресуге уәде берді

498

Украина президенті Владимир Зеленский 22 қаңтар жексенбіде елдегі сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтінін мәлімдеді. 

Зеленский Украинадағы сыбайлас жемқорлықпен қатаң күресуге уәде берді Фото: www.president.gov.ua

Украина халқының көшбасшысы осы аптада сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар негізгі шешімдер қабылдауға уәде берді, деп хабарлайды inbusiness.kz "Америка дауысына" сілтеме жасап.

Зеленскийдің мәлімдемесіне Украинаның жоғарғы басшылығы арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты халық тарапынан айыптаулар, оның ішінде күмәнді әскери сатып алулар туралы хабарламалар түрткі болды.

"Мен бұған дейінгі қалыпты жағдайға  - мемлекеттік билікке жақын адамдардың немесе өмір бойы мансап қуғандардың дегені болып, ойларына келгенін істей алатын заманға қайта оралмайтынымызды анық айтқым келеді", — деді Зеленский кешкі бейне хабарламада.

"Осы аптада тиісті шешімдер қабылданады", — деді Зеленский. "Шешімдер жобасы дайын тұр. Мен оларды қазір жариялағым келмейді, бірақ бәрі әділетті болатынына сеніңіздер".

Зеленский пара алды деген айыппен ұсталған министр орынбасарларының бірінің отставкаға кетуін қабылдады. Украинаның "Апта айнасы" басылымы әскерилерге азық-түлік өте жоғары бағамен сатып алынды деген хабар таратқаннан кейін, Қорғаныс министрі Алексей Резников сыбайлас жемқорлыққа барды деп айыпталды. Украинаның Қорғаныс министрлігі тағылған айып негізсіз екенін айтады. Парламенттік Комитетке тергеу жүргізу тапсырылды.

Сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттік басқару мәселелері Украинаны көптен бері мазалап келеді. Transparency International ұйымы сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша елді 180 елдің ішінен 122 орынға қойды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларды жүргізу 2022 жылы Киевке кандидат мәртебесін бергеннен кейін Еуропалық Одақтың Украина мүшелігіне қойылатын негізгі талаптарының бірі болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу