Варшаваға әйелі Елена Зеленскиймен бірге келген Украина көшбасшысы Польша президенті Анджей Дудамен өткен баспасөз мәслихатында Польшаға "бауырластық пен шынайы достық" үшін алғыс білдірді, деп жазады inbusiness.kz "Азаттық радиосына" сілтеме жасап.
Дуда Зеленскийді поляктардың Ақ Бүркіт орденімен марапаттады, Украина Президенті бұл марапат Ресей шапқыншылығына қарсы күресіп жатқан украиналықтарға тиесілі екенін айтты.
Зеленскиймен келіссөздерден кейін Польша президенті Варшава Украинаға тағы төрт МиГ-29 жойғышын тапсырғанын мәлімдеді. Бұған дейін де төрт жойғыш берілді, тағы алтауы берілуге дайындалып жатыр.
Зеленский Польша үкіметінің басшысы Матеуш Моравецкиймен де кездесті. Олар негізгі тақырыптардан бөлек, украин астығын экспорттау мәселесі талқылады. Жақында Еурокомиссия Украинадан астықты бажсыз әкелуді тағы бір жылға ұзарту жобасын жариялады. Польшаның ауыл шаруашылығы министрі Генрик Ковальчик сәрсенбіде көптеген поляк фермерлері сияқты бұл шара поляк астық өндірушілерінің құқығын таптайды деп есептеп, отставкаға кетті. Моравецкийдің айтуынша, Зеленскиймен келіссөздер барысында "шешім табылды".
Келіссөздер қорытындысы бойынша Зеленский Польша мен Украина бронетранспортерлер, әуе қорғанысы жүйелері, минометтер және басқа да қару-жарақтарды қамтитын жаңа әскери көмек пакетін келіскенін айтты.
"Бүгін біз Rosomak бронетранспортерлерін, өздігінен жүретін Rak минометтері, Әуе қорғанысы жүйелері, атап айтқанда өте тиімді Piorun жүйесін жеткізу туралы құжатқа қол қойдық", - деді Зеленский. Украина қару-жарақтың бір бөлігін сатып алады, бір бөлігі ақысыз жеткізіледі.
Сәрсенбі күні кешке Дуда мен Зеленский Варшаваның орталығында сөз сөйледі. Екеуі де Украинаның жеңісіне сенім білдірді.