Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаменті Зеренді ауданының әкімі мен оның орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Жанна Бастарова апта сайынғы баспасөз жиынында мәлімдеді.
"Әкім өзінің орынбасары арқылы ауыл шаруашылығына арналған 300 гектар жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту үшін ЖШС директорынан 3 млн теңге пара алды деп айыпталып отыр. Оқиға орнын тексеру нәтижесінде әкімнен 2 млн теңге тәркіленді, сондай-ақ сериясы бұрын алынған 1 млн теңгемен сәйкес келген ақша қаражаты табылды", – деді Жанна Бастарова.
Аудан әкіміне қатысты сот қамауда ұстау шарасын қабылдады. Тергеу жұмыстары жалғасуда.
Айта кетейік, Ақмола облысы Зеренді ауданының әкімі Мереке Мұстафин 18 қаңтарда ұсталған болатын.
Сондай-ақ, сот Зеренді ауданының əкімін 2 ай қамауда ұстауға санкция берді.