Қазір зергерлік нарықтың 95 пайызын заңсыз тауарлар жаулап отыр. Қазақстан зергерлер лигасы осындай аянышты ақпаратпен бөлісті. Мамандардың мәліметінше, егер ресми дүкендерде баға 1 грамм алтынның бағасы 15-17 мыңның айналасында болса, қара базарда 9-12 мыңға саудаланады. қазіргі таңда елімізде 280 ресми сатушы бар. Ал өкініштісі сол, базардағы сатушылардың саны 20 мыңнан асады. Көлеңкелі тауарлар негізінен Қытай және Ресейден әкелінеді. Зергерлер лигасы даму және инвестициялар министрлігіне бірнеше рет шағымданған. Зергерлер лигасы мен мемлекеттік кірістер комитетінің арасында мәміле жасалған. Алайда іс жүзінде заңсыз бағалы металдар бизнесі азайған жоқ. Маманның айтуынша, көлеңкелі бизнес күнгейге шықпайынша отандық зергерлердің жағдайы жақсармайды.
Қайсар Жұмағалиев, Қазақстан Зергерлер лигасының төрағасы:
Біз зергерлік бұйым сатушыларды жаппай тіркеуді ұсынған болатынбыз. Мысалы, шегарада тіркеуден өткізетін екі арнайы пост жасау керек. Ал отандық өндірушілерді қолдау мақсатында зергерлік құрылғыларды 0-пайыздық мөлшерлемемен берсе де болады. өйткені өндірісті алып кете алатын шеберлеріміз бар... Осындай ұсыныстарды жүйелеп, зергерлік саланың жол картасын жасап, үкіметке ұсындық. Егер жоба мақұлданса, салада ілгерілеу болады деп ойлаймын.