Зерттеулер елімізде тамақ өнімдерінің сапасы талапқа толық сай еместігін көрсетті

861

Биыл тамақ өнімдерінің 23 мыңға жуық үлгісі зерттеліп, 13,2%-ы талапқа сай еместігі анықталған.

Зерттеулер елімізде тамақ өнімдерінің сапасы талапқа толық сай еместігін көрсетті

"Дені сау ұлт" ұлттық жобасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бағыты бойынша түрлі өнімдердің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

Атап айтқанда, тамақ өнімдері, ойыншықтар, балаларға арналған өнімдер, құрылыс материалдары және басқа да өнім түрлерінің санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шеңберінде мониторингтер жүргізіліп жатыр.

Бұл – "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету бағыты бойынша іске асырылып жатқан іс-шара.

"Мәселен, тауарлар қауіпсіздігін мониторингтеу шеңберінде ағымдағы жылы тамақ өнімдерінің 23 мыңға жуық үлгісі зерттелді, оның ішінде үш мыңнан астам сынама немесе 13,2%-ы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмеді", – деді Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, өнімнің қауіпсіздігін бақылау тиімділігін арттыру мақсатында бірқатар өңірлерде дәлдігі жоғары жабдықтар сатып алынды.

"Түрлі өнімдердегі бояғыштарды, хош иістерді, дәрумендерді, ауыр металдардың тұздарын анықтау бойынша жаңа зерттеу әдістемелері енгізілуде, сондай-ақ мамандарды оқыту жүргізілуде. Бұл шаралар ағымдағы жылдың өзінде техникалық регламенттерде белгіленген айқындалатын көрсеткіштер тізбесін 84%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді", – дейді министр.

Ведомство басшысының ақпаратына сүйенсек, республикада инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

2022 жылдың өткен кезеңінде 25 инфекциялық ауру жағдайлары, оның ішінде тырысқақ, оба, туляремия, паратиф, іш сүзегі, сіреспе, дифтерия, полиомиелит, қызамық тіркелген жоқ.

2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуіне қол жеткізілді.

Биыл 21 мамырда мемлекет басшысы биологиялық қатерлерді ерте анықтауға, уақтылы ден қоюға және оның алдын алуға бағытталған "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Заңға қол қойды.

"2021 жылдан бастап біз инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық қадағалаудың заманауи моделіне көштік, коронавирус инфекциясын болжау және оған ден қою жүйесі құрылды, бұл инфекцияның ден қою және алдын алу шараларын жедел түзетуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жылы біз вакцинамен басқарылатын инфекцияларды үлгілеуге, болжауға және ден қоюға кірістік", – деді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу