Жаңа депутаттар мәжілістің тәртібіне әлі үйренбеді

1312

"Халық қалаулылары" соңғы 2 күнде халықтың мазасын қашырған  мәселені мүлде қозғамады. 

Жаңа депутаттар мәжілістің тәртібіне әлі үйренбеді

Жаңадан сайланған мәжілісмендер бүгін алғашқы отырысын өткізді. Қарқындары қатты болғаны сонша, 1 күнде 17 мәселе көтерді. Бірақ жаңа депутаттардың бойы әлі Парламентке үйренбепті. Тәртібін меңгере алмай жүр. Сол үшін Қошановтан ескерту де алды. Қысқасы, спикерге "балмұздақ" депутаттарды әлі тәрбиелеу керек сияқты.

Су жаңа мәжілістің алғашқы отырысы. Депутаттар өздерін жөнге келтіріп, тыңғылықты дайындалды. Министр Юрий Ильин баяндама жасады. Зілзалаға қатысты. Бірақ "балмұздақ" депутаттар тақырыптан ауытқыды. Сол үшін Қошановтан ескерту алды.

"Негізі біз заң жобасын қарап отырмыз. Сондықтан сұрақ сол заң жобасына қатысты болуы керек", -деп айтты ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов.

Парламентке әлі бойы үйренбеген "халық қалаулыларына" тісқаққан спикер тәртіпті бір түсіндіріп өтті.

"Сұрақтар болатын болса, үкімет сағатына шақырып, министр мырзаны сол жерде осы сұрақтың бәрін қоюға болады. Немесе осы пленаркаға да сіздер осы мәселені көтеріп, шақырып қоюға болады", - деді Ерлан Қошанов.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин сұрақ қойылғандықтан жауап беруге ниеттенді.

Министр де "жас" депуттардың беті қайтпасын деп, жауап бере кетті. Бірақ, одан кейін мәжілісмендер қарқындарын үдетті. Бірінен кейін бірі Үкіметке сауал жолдады. Бір отырыста 17 мәселе көтерілді. Бірақ оның көбі өздері бұрыннан зерттеп, әлеуметтік желіде жазып жүргендері. Қынжылтқаны бірде біреуі күні кеше ғана Үкіметтің шығарған шешімін қозғамады. Бұл бензин бағасының көтерілуіне қатысты. Тіпті көнкөз депутаттар да бұл туралы жақ ашпады. Себебін сұрадық.

"Бұл шешімде біз емес. Бұл шешімді Үкімет қабылдады. Сол үшін бұл сұрағыңызды үкіметке қою керек",-дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.

Нұртай Сабильяновтан да сұрап көрдік.

"Үкіметтің құзырындағы мәселе. Жанар жағармай мәселесі. Азық түлік бағасын реттеу мәселесі. Тікелей үкіметтің құзырында. Сондықтан осыған жауапкершілікті үкімет алады", - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов.

Сонымен "халық қалаулылары" соңғы 2 күнде халықтың мазасын қашырған  мәселені мүлде қозғамады. Артынан қуалай жүріп сұрағанымызда Үкіметтің шешімі дұрыс,- деді. Жақсы. Жанармай бағасы көтерілді. Әдетте, оның ізін қуалай бәрі қымбатттайды. Тым болмаса, соған сай жалақыны индекстеу мәселесін қозғайтын шығарсыздар дедік. Оған да мардымды жауап болмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу