Климаттың өзгеруі салдарынан күріш, картоп, жеміс-жидек пен көкөніс, зәйтүн майы, какао мен кофе секілді азық-түлік өнімдері зардап шегіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бұл өнімдер бұрын-соңды болмаған климаттық әсерге ұшыраған, салдарынан тұтынушылар үшін баға күрт өскен. Бұл туралы Барселона суперкомпьютерлік орталығының (BSC-CNS) зерттеуінде айтылған. Онда 2022 жылдан 2024 жылға дейінгі аралықта ауа райының ыстығы, қуаңшылық немесе шамадан тыс жауын-шашын салдарынан азық-түлік бағасының қалай өзгергені талданған.
Ұлыбританияда 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында картоп бағасы 22%-ға өсті, бұл қатты жауған қысқы жауын-шашын салдарынан болған.
АҚШ-тың Калифорния және Аризона штаттарында 2022 жылдың қарашасында жазғы қуаңшылықтан кейін көкөніс бағасы 80%-ға көтерілді.
Еуроодақта зәйтүн майы 50%-ға қымбаттады, бұл 2022–2023 жылдары Италия мен Испаниядағы қуаңшылыққа байланысты.
Ұлыбританияның Азық-түлік қорының мәліметінше, пайдалы тағамдардың бағасы орта есеппен алғанда зиянды тағамдардан екі есе қымбат. Бағаның өсуі кезінде төмен табысты отбасылар жеміс-жидек пен көкөніс сияқты пайдалы тағамдарды сатып ала алмайды. Осылайша, климаттың өзгеруінен туындаған баға өсімі халықтың белгілі бір бөлігі үшін денсаулық мәселелерін ушықтыруы мүмкін.
"Біз парниктік газ шығарындыларын нөлдік деңгейге жеткізбейінше, экстремалды ауа райы құбылыстары күшейе береді, бұл егінге зиян келтіріп, бүкіл әлемде азық-түлік бағасының өсуіне алып келеді", – деп мәлімдеді BSC-CNS зерттеуінің жетекші авторы Максимилиан Коц.