Төтенше жағдай мамандарының ақпан айындағы болжамдары теріске шығып, көктемгі тасқыннан зәрезап болған Ақмола, Қарағанды облыстарының жұрты бір тыныстап қалды. Дей тұрғанмен, Ақмола облысындағы Жабай өзені әлі де мамандарды алаңдатып отыр. Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин мамандар бекер қауіптеніп отырмағанын айтады.
"Қазір біз Ақмола облысының аумағында қардың жылдам еруін байқап отырмыз. Атбасар ауданындағы Жабай өзенінің деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Бірақ жағдай бақылауда. Атбасар қаласын қорғап тұрған бөгеттің шекті деңгейіне әлі 95 сантиметр бар. Қосымша күш пен құралдар дайын тұр. Ертең әуеден тағы бір рет тексереміз", – деген маман Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеев су қоймасына жиналған судың мөлшері қазірдің өзінде былтырғы мөлшерден асып кеткенін мәлім етті.
"Қарағанды, Павлодар облыстарының аумағы қардан түгел арылды деуге болады. Ешқандай төтенше жағдай болған жоқ. Енді су қоймаларын толтыру жұмысы қызу жүріп жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен, Су ресурстары комитетімен бірге алдын ала дайындалған болатынбыз. Қардың қатты еріген кезеңін дәл ұстай алдық. Солтүстік Қазақстанның Сергеев су қоймасында сырттан келген су деңгейі 2 метрге жетті. Бұл былтырғы мөлшерден жоғары. Дегенмен, әкімдіктер алдын ала дайындалғандықтан мұнда да су басуға жол беріле қоймас деп ойлаймын", – деді ІІМ өкілі.
Есжан Ботақара