"Жәбірленушілерге өтемақы" қоры кімдерге ақша төлейді?

1123

"Қор мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайды, заңбұзушылардан өндіріліп алынған төлемдермен толтырылады".

"Жәбірленушілерге өтемақы" қоры кімдерге ақша төлейді?

Биыл, алғашқы сегіз айдағы мәлімет бойынша, "Жәбірленушілерге өтемақы" қорынан 720 жәбірленушіге жалпы сомасы 93,7 миллион теңге өтемақы төленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артық. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Заңда өтемақы көзделетін (Қылмыстық кодекстің 46 бабы) жәбірленушілердің үш санаты бар.

Бірінші санат – сексуалдық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші кәмелетке толмағандар, адам саудасымен және азаптаулармен байланысты қылмыстар бойынша жәбірленуші адамдар. Өтемақының мөлшері – шамамен 90 мың теңге. 

Екінші санат – денсаулығына ауыр зиян келтірілген не адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтырған адамдар. Өтемақының мөлшері – шамамен 120 мың теңге.

Үшінші санат – жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, жәбірленушінің құқықтары берілген адамдар. Өтемақының мөлшері – шамамен 150 мың теңге.

Айта кету керек, қор мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайды, заңбұзушылардан өндіріліп алынған төлемдермен толтырылады.

"Азық-түлік бағаларының айтарлықтай өскенін, жалпы қымбатшылықты ескере отырып, Ішкі істер министрлігі жәбірленушілерге өтемақының мөлшерін арттыру туралы Қаржы министрлігіне ұсыныс жолдады", – деді Әділов.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу