"Жағдай расымен алаңдатарлық": Асхат Аймағамбетов фастфуд жарнамасын шектеу тетіктерін ұсынды

749

Шараларды кезең-кезеңімен енгізу ұсынылады.

"Жағдай расымен алаңдатарлық": Асхат Аймағамбетов фастфуд жарнамасын шектеу тетіктерін ұсынды Фото: ЖИ

Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов фастфудтың агрессивті жарнамасын шектеуге қатысты қандай шаралар қолға алынатынын түсіндірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тамыз айында Мемлекет басшысы фастфудтың, әсіресе балаларға бағытталған агрессивті жарнамасына қатысты мәселені жан-жақты қарауды тапсырды. Жағдай расымен алаңдатарлық. Ұсынылған зерттеу бойынша, елімізде 5-9 жастағы төрт баланың біріне жуығында артық салмақ бар. Ал 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типтегі қант диабетінің мыңнан астам жағдайы тіркелген", – деп жазды Құрылтай депутаты. 

Оның айтуынша, заңға енгізілетін жаңа түзетулер әзірленген. Депутаттар бұл шараларды кезең-кезеңімен енгізуді ұсынып отыр. 

"Жаппай тыйым салмай, оларды іске асыруға кететін шығынды да ескеру маңызды. Әңгіме фастфудқа түгелдей тыйым салу туралы емес, балаларды оны тұтынуға итермелейтін жарнаманы шектеу туралы. Біріншісі – балаларды агрессивті жарнамадан қорғау. Қанты, тұзы мен қаныққан майы көп өнімдердің жарнамасын балалар арналарында, балалар бағдарламаларында және балаларға арналған барлық мекемеде шектеуді ұсынамыз. Оның әлеуметтік желілердегі жарнамасына да назар аудару қажет. Екінші, балалар жүретін жерлерде мұндай өнімдердің сатылуын шектеу қажет. Білім беру ұйымдарында бірқатар талап қазірдің өзінде бар. Ұсынысымыз – қолданыстағы талаптардағы олқылықтарды жойып, балаларға арналған ұйымдарда мұндай өнімдерді сатуға қатысты негізгі шектеулерді заң деңгейінде бекіту", – деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Үшіншіден, өнімнің құрамы ашық әрі түсінікті болуы тиіс екені айтылды. Сатып алушы қаптаманың артындағы ұсақ жазуға үңілмей, қанты, тұзы мен қаныққан майы көп екенін бірден көруі керек. Алдымен мұндай ақпаратты дүкендегі баға белгілері мен ас мәзірінде көрсетуге болады. Ал қаптамаға ескерту енгізу мәселесін ЕАЭО деңгейінде қарастыру қажет. Өзге елдердің тәжірибесі өндірушілердің өнім құрамындағы қантты азайтуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді, дейді депутат.

Асхат Аймағамбетов энергетикалық сусындарға бөлек тоқталып өтті. Бұл сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынған. 2026 жылдан бастап акциз енгізіліп, оның мөлшерлемесін 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен көтеру көзделген. 

"Ендігі міндет – осы шектеулердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету. Сондықтан жеткізу кезінде сатып алушының жасын тексеруді, энергетиктерді касса маңынан алып тастауды және балаларға бағытталған жарнама мен демеушілікті шектеуді ұсынамыз.  Екінші кезеңнің қалған шараларын сарапшылармен пысықтап жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігімен, бизнеспен, ата-аналармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Құр тыйыммен барлық мәселе шешілмейтіні анық. Біз балаларды дәмді тағамнан қағып, бизнеске артық кедергі жасауды көздеп отырған жоқпыз. Бірақ айналадағы жарнама мен сауда балаларды зиянды өнімге үнемі қызықтырып тұрғанда, тек ата-анадан ғана дұрыс таңдау жасауды талап ету әділетсіз", – деп атап өтті ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу