Ішкі істер органдарының жеке құрамы қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Басшы және командалық құрам тәулік бойы кезекшілік етуде.
"Елімізде 33 мыңға жуық полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті сақтауда. Оның ішінде 18 мың полиция қызметкері 10 мыңнан астам референдум учаскесінде қызмет атқаруда. Қазіргі уақытта қоғамдық тәртіптің бұзылу фактілері тіркелген жоқ", - деді Шыңғыс Әлекешев.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдармен бірлесіп, референдум учаскелерінде алдын ала комиссиялық тексерулер жүргізілді.
Олардың техникалық талаптарға сәйкестігі, өртке қарсы қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғалуы қаралды.
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға сәйкес, полиция қызметкерлерінің референдум өткізу процесіне араласуға, сондай-ақ, дауыс беруге арналған үй-жайларда болуға құқығы жоқ. Олар дауыс беру залына комиссия төрағасының шақыруымен ғана келеді. Азаматтар сайлау және республикалық референдум туралы заңнаманың бұзылуы туралы өтініш түсірген жағдайда Ішкі істер органдарының кезекші бөліміне ақпарат жіберіп, прокуратура органдарын хабардар етеді", - деп түсіндірді министрлік өкілі.