Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды дегенге сау адам сенбейді – Нартай Аралбай

1490

Соңғы үш жылда елімізде 270 әскери қызметкер қайтыс болған. 

Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды дегенге сау адам сенбейді – Нартай Аралбай Фото: коллаж inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Қорғаныс министріне әскердегі әлімжеттікке қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бейбіт күнде сарбаздарымыз түрлі дене жарақатын алып, кейбіреуі қайтыс болуда. Бұл бір емес, бірнеше рет қайталанған жағдай. Осының салдарынан айыппұл салмақ түгілі айып тақсаң да ешкім бауыр еті баласын жастар жан тапсырған орта – әскер қатарына жібергісі келмейді. Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған", - деді депутат.

Нартай Сәрсенғалиев бұл әскери прокуратура мәлімдеген ресми статистика екенін жеткізді.

"2023 жылғы тамызда әскери бөлімшелердің бірінде командир әскерге жаңадан келген сарбазды орындықпен ұрып, соққыға жыққан. 2024 жылдың маусым айында Жамбыл облысының бір әскери бөлімшесінде әскерге келгеніне бір-ақ ай болған сарбаз ес-түссіз жансақтау бөліміне түскен. Ал жуырда болған жағдай бүкіл отандасымыздың ашу-ызасын туғызды. Ұлттық ұланның жауынгер Ербаян Мұхтар басынан алған жарақаттан бес ай бойы ес-түссіз жатты. Жауаптылар болса қашанғыдай жауапкершіліктен жалтарып "Ербаян дәретханаға құлап, жарақаттанды" дейді. Бірақ бұған сау адамның сенбесі анық. Жарақаттың салдарынан сарбаздың басының жартысын алып тастауға тура келген. Енді оған тұрақты күтім қажет. Қазір ата-анасы ұлын шетелге емге әкетуге қам жасауда. Оған қаржы жинап берген баяғы біздің қарапайым халқымыз", - деп жалғастырды ол.

Бұдан бөлек депутат 7 қыркүйек күні Ақтаудағы гарнизонда сарбаз Марат Барқұлов көз жұмғанын айтты.

"Оны офицер атып жіберген. Бұл қасақана жасалған әрекет, жоқ па? Аталған сұрақтың жауабын тергеу орындары әділ тергеп, нәтижесін қоғамға ашық түрде жеткізуі керек. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында "Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты" деп атап өтті. Өкінішке қарай, армиядағы жағдай бұған мүлдем кереғар болып тұр", - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Былтыр Қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде 50 мыңнан астам бейнекамера бар деді, деп атап өтті халық қалаулысы.

"Ондағы жазбалар қайда? Әлде Ербаян секілді бауырларымыз жарақат алғанда әлгі камералар теріс қарап қалды ма? Әскердегі әлімжеттік мәселесін партия 2022 жылы көтерген болатын. Алайда жағдай түзелмек түгілі, ушығып кетті десе де болады. Сарбаздардың армияда жарақат алып, қайтыс болуы тоқтар емес", - деді депутат.

Ол еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды, әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейтуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу