"Жайлы мектеп" орнына жайсыз жер таңдалған ба?

Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылында екі ай бұрын 4 миллиардтан астам теңгеге құрылыс жұмыстары басталған "Жайлы мектеп" маңы бүгінде тып-тыныш.

"Жайлы мектеп" орнына жайсыз жер таңдалған ба? Фото: Әлеуметтік желіден

Тіпті, білім ордасы деп белгіленіп, инфрақұрылымы тартылып, қоршауы салынған орыннан құрылысшылар бәрін тып-типыл етіп жинап әкеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Ел аузында "Комсомол" аталып кеткен ауылда бір ғана мектеп бар. Тұрғындар жалғыз мектепке балаларының сыймай жатқанын айтады.

"Ауылға көшіп келушілердің саны жыл сайын көбейіп барады. "Жаңа білім ошағы салынбайды" дегенді естіп қапа болдық. Мектепті әл-Фараби мөлтек ауданына көшіреді екен. Ол жер бізге алыс", - деп ашынады ауыл тұрғыны.

Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай "Жайлы мектептің" Әл-Фараби мөлтек ауданына көшіріліп жатқанын растайды.

"Құстардың өлексесі көп шыққандықтан, ол жақта құрылысты тоқтаттық. Ол жерден жағымсыз иіс шыққан. Ертең оқушылардың білім алуына зиян келеді. Өйткені, санитар мамандар осындай қорытынды шығарды", - деді ол.

Әкім орынбасарының сөзінде шындық бар сияқты. Мектеп құрылысы басталмай жатып мәселенің алдын алғаны дұрыс. Дей тұрғанымен, о баста "Жайлы мектеп" орнына жайсыз жер таңдалғанға ұқсайды.

Оған себеп, Қызылжарма ауылдық округінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында 2023 жылдың 12 қыркүйегі күні "Ауылымыздағы бұрынғы құс фабрикасының орнынан облыстық құрылыс басқармасы арқылы 600 орындық "Жайлы мектеп" құрылысы бастау алды. Қазіргі уақытта мектеп орнын тазарту, қоршау жұмыстары жүргізілуде" деген жазба жариялаған болатын.

Демек, "құс фабрикасының орны" дегеннен-ақ көп нәрсе айқындалып тұрғандай. Жауапты мамандардың бұған неге жол бергені түсініксіз.

Жалпы, президент бастамасымен қолға алынған "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Қызылорда облысында 12 300 орындық 21 мектеп салынады деп жоспарланған. Облыс аумағында осы күні оның бірнешеуінің іргетасы қаланып үлгерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу