15 мамырдан бастап Жайық-Каспий бассейнінде балық аулауға тыйым салынады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жайық өзенінде 15 мамыр мен 15 маусым аралығында, Қиғаш өзенінде 20 мамырға дейін қармақ салуға шектеу қойылады. Бұл – су айдындарындағы балық қорын молайту шарасы.
"Бекіре-2025" акциясы басталғалы Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағында балықты заңыз аулауға қатысты 702 дерек тіркелген. Браконьерлерге 12,8 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 21 іс сотқа жолданды.
– Шара барысында 3 тоннаға жуық балық заңсыз айналымнан алынды. Оның 584 келісі бекіре тұқымдастарға жатады. Сондай-ақ, браконьерлерден 154 ау-құрал мен 29 су көлігі тәркіленді. Рейдтік шаралар нәтижесінде өзендер мен Каспий теңізі акваториясынан 450 заңсыз құралдар шығарылды. Бұл жұмыстарды мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы бақылауда ұстап отыр, – деп мәлімдеді "Жайық-Каспий" облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының баспасөз хатшысы Рүстем Қорқытов.