Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені бір тәулікте 1 метрден астам деңгейге көтерілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазгидромет" РМК БҚО филиалынан мәлім еткеніндей, облыстың бас өзені Бәйтерек ауданы Январцев ауылы тұсында бір тәулікте 141 сантиметрге, сондай-ақ Орал қаласында 117 сантиметрге жоғарылап, сәйкесінше 555 (қауіпті шегі – 1250 см) және 574 сантиметрге (850 см) жетті.
Бұдан Ресей аумағынан Жайық өзеніне көп судың келіп жатқанын байқауға болады. Сонымен қатар Шыңғырлау ауданында Елек өзені Шілік тұсында 787 (+2, қауіпті шегі – 750 см), Шаған Бәйтерек ауданы Чувашинде 1247 (+36, 1280-1300), Деркөл Белесте 710 (+40, 600-650) сантиметрге көтерілді. Оған қоса Казталов пен Жаңақала аудандарына баратын Қараөзен мен Сарыөзенде де су деңгейі көтерілу үстінде. Қараөзен Казталов ауданы Қайыңды ауылы тұсында 927 сантиметрге (+28, 1700 см) жетті.
Бәйтерек ауданында Быковка өзені Құрманғазы ауылы тұсында 813 сантиметрді көрсетіп, қауіпті шектен (810 см) асып кетті.
"2-4 сәуір күндері Батыс Қазақстан облысында ауа температурасы +15-20 сантиметрге дейін көтеріледі, соған байланысты өзендерде су деңгейі қауіпті шектен асып, жайылмаларға шығып, тасқын болуы ықтимал", - деп хабарлады ведомстводан.
БҚО әкімдігі аталған аумақтарда қауіпсіздік шаралары күшейтілгенін жеткізді. Су тасқынына байланысты өңірде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Сырым, Теректі, Қаратөбе, Бөрлі аудандарында тұрғын үйлер суға кетті.
Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде 4 мыңдай адам эвакуацияланса, соның тең жартысы – балалар. Су тасқынынан зардап шеккендерге жедел эвакуациялық қосындар ұйымдастырылып, қажетті жағдай жасалып жатыр.