Жайық-Каспий айдындарындағы су деңгейінің төмендеуі балықшыларды нәпақасынан айыратын түрі бар. Соның салдарынан балықшылар жылдық квоталарын игере алмай отыр, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.
Жайық-Қиғаш бойында 17 балықшы кооперативі жұмыс істейді. Олар берілген квотаға сәйкес 30 000 тонна балық жинауы қажет болған. Қазіргі күні оның тек үштен бірі ғана орындалыпты. Бұл жағдай балықшыларды алаңдатып тұр. Олар тіпті былтырғы жағдайдың өзі биылғыдан тәуірірек болғанын алға тартады. Егер күзгі тартымнан түсім болмаса алдағы көктемге үміт артуға болар еді. Бірақ, су деңгейі жыл санап тартылып бара жатқандықтан оған еш кепілдік жоқ. Биыл Жайық өзеніндегі су деңгейі 2019 жылғы ең төменгі деңгейге жетіп, Каспийде су жағадан 20 шақырымға алыстаған.
"250 метр ауға 30 келі балықтың шамасында шығып тұр. Бұрын 4-5 тонна шығатын", – дейді балықшы Ғаббас Мұратов.
Ал "Дамбы" балық қорғау инспекциясының бас маманы Амангелді Ахтановтың айтуынша, судың тартылуынан теңізге үлкен кемелер де, кішкентай қайықтар да шыға алмай қалған. Осылайша, жаз бойына ауларын құрып, күзгі тартымды күткен балықшылар қалай нәпақа табарын білмей алаңдаулы. Су көздерінің тартылу проблемасын қазірден бастап қолға алмаса балықшылықты кәсіп еткен мыңға тарта адам жұмыссыз қалуы да мүмкін.
Құралай Қуатова