Жайықта көп жылдан бері алғаш рет шоқыр балығының шабағы анықталды

2444

Соңғы екі жарым жыл ішінде браконьерлерге қатысты 4000-нан астам құқықбұзушылық анықталып, 58 заңсыз балық аулаушының үстінен 35 қылмыстық іс қозғалған. Браконьерлерден жалпы сомасы 125 млн теңге шығын өндірілді.

Жайықта көп жылдан бері алғаш рет шоқыр балығының шабағы анықталды

Браконьерлерден екі жылда 600 -ден астам көлік құралы тәркіленді, деп хабарлайды Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

ҚР АШМ Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы Данияр Баймагамбетовтің айтуынша, барлық құзырлы органдардың бірлескен жұмыстары нәтижесінде браконьерлікпен күрес кең көлемде жүргізіліп келеді.

"Соңғы екі жылда қолданылған шаралар нәтижесінде браконьерлікпен күрес күшейді, мысалы 2014-2015 жылдары 14 қылмыстық іс қозғалса, 2016-2017 жылдары 35 болды. Соңғы екі жылда заңсыз балық аулаушылар 125 млн теңге шығынды өтеді, 2014-2015 жылдары – 33 млн теңге болған еді, - дейді Данияр Баймағамбетов. – 2016-2017 жылдары 11 мың балық аулау құралын, 600 жүзу және көлік құралдарын тәркіледік, мысалы үшін 2014-2015 жылдары – 8500 аулау құралы мен 367 көлік құралы тәркіленген еді".

Атқарылған шаралардың арқасында балықтың сирек түрлері көбейген.

"Айта кету керек, көп жылдан бері биыл ғана Жайық өзенінде ғылыми-зерттеу жұмыстары кезінде шоқыр балығының шабақтары анықталды, бұл балық қорғау жұмыстарының тиімділігін көрсетеді, бағалы балық түрлері уылдырық шашатын орындарына дейін жетті. Осылайша биыл бекірелер жасанды түрде ғана емес, табиғи түрде де өсуде", - дейді Данияр Баймағамбетов.

Күзгі балық аулау маусымында балық аулау кооперативтеріне берілетін лимиттің игерілуіне ерекше көңіл бөлініп отыр. Балық қабылдау бөлімшелері қатаң қадағаланады. Осы шаралар балық шаруашылығы субъектілерінің квотаны игеру мөлшерін 87,3 пайызға дейін арттыруға ықпал етті, бұл соңғы 8 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

"Өкінішке қарай, кейбір балық кооперативтерінің барлық аулаған балықтарын тіркемеу деректері анықталды, ол балық аулауға берілген лимиттің толық игерілмеуіне әкеліп, көлеңкелі нарықты ынталандырды", - дейді
Атырау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясының басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу