Атырауда Жайық өзеніне ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 80 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының мәліметінше, зерттеу нәтижесі көптеген күрмеулі мәселелерге жауап беруге тиіс.
"Біз қажетті біліктілігі және ғылыми дәрежесі бар барлық тұлғалар қатыса алатын тендер жариялаймыз. Басты мақсат – Жайық және Қиғаш өзендеріндегі оқшауланған мәселелерді шешу. Сонымен қатар су қоймаларындағы балық ресурстарын кеңейтуге жол ашу", – деді А.Сәдібекұлы.
Тендерге қазақстандықтармен қатар, шетелдік ғылыми-зерттеу топтары да қатыса алады. "Біздегі су қоймаларын зерттеуге арналған кешенді жұмыс таяу арада басталуға тиіс және үш айға, тіпті одан артық уақытқа созылуы мүмкін. Зерттеу қорытындысы бойынша экологиялық жағдай, ластану себептері, судың сапасы және тағы басқа күрделі мәселелерге байланысты мамандардың кеңесін алғымыз келеді. Бұл нақты шешім қабылдап, Жайық өзенінің жағдайын жақсарту бойынша әрекеттер жоспарын құруға көмектеседі", – деп атап өтті Артур Сәдібекұлы.
Жұмыс облыстық әкімдік пен "Nur Otan" партиясы филиалының бастамасымен жүзеге асырылады.
Айта кетейік, мұндай ғылыми жұмыс аймақта соңғы 10 жыл көлемінде атқарылмаған.