Бүгін Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзенінің екі бетін жалғайтын жаңа көпір қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл маңызды стратегиялық нысан халықаралық Атырау-Орал тас жолының бойында орналасқандықтан, алдағы жылдары Ақтөбе-Атырау-Астрахань тас жолындағы көлік қатынасын да біршама жеңілдететін болады. Сонымен қатар бұл жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын жақсартып, елді мекендер арасындағы қатынасты жақындатуға мүмкіндік береді. Жайық өзеніне салынған жетінші автомобиль көпірінің ұзындығы – 660 метр. Жалпы құны – 9,5 млрд теңге, оның 6,5 млрд-ы жергілікті қазынадан.
"Халықаралық қарым-қатынастарды, соның ішінде туризмді дамытуға, жалпы азаматтардың бір-бірімен араласуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз. Бұл мәселердің мүмкін болғаны еліміздегі тұрақтылық жағдайы, қоғамдық келісім жағдайы және Елбасының жүргізіп отырған саясатын барлық атыраулықтардың, барлық Қазақстандықтардың қолдауының арақасында болып жатқан істер", - дейді облысы әкімі Нұрлан Ноғаев.