Жайылымдар мәселесі: Ауыл әкімдерінің құзіретін кеңейту көзделіп отыр

298

Жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыреттерін кеңейту көзделіп отыр.

Жайылымдар мәселесі: Ауыл әкімдерінің құзіретін кеңейту көзделіп отыр Фото: Pixabay.com

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар жайылымдар және оларды тиімді пайдалану туралы заңды қарады. Жаңа нормалар жайылымдардың жетіспеушілігіне қатысты ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларды шешуге ықпал етпек, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ отырыста Көлік министрінің сенаторлардың депутаттық сауалына ауызша жауабы тыңдалды және Сенат депутаттарын Палатаның тұрақты комитеттерінің құрамына сайлау мәселесі қаралды.

"Қазақстан Республикасы Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы" заңның 17-бабына сәйкес бұған дейін екі сенатор Палатаның бір тұрақты комитетінен екіншісіне ауысу туралы өтініш білдірген еді. Осыған орай Сенаттың қаулысымен және оның Регламентi белгiлеген тәртiппен Айнұр Арғынбекова – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің құрамына, ал, Жанна Асанова Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамына мүше болып сайланды.

Сондай-ақ отырыс барысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды. Бұл құжат жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруді көздейді.

Бір топ Парламент депутаты бастамашы болған осы заң арқылы қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа нормалар жайылымдардың жетіспеушілігіне қатысты ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларды шешуге ықпал етпек. Сол мақсатпен жайылымдардың тозуы мен шөлейттенуіне, аталған жерлердің сулануына қарсы күрес шараларын күшейту ұсынылды. Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдардың жер қатынастарын реттеу саласындағы құзыреттерін кеңейту көзделіп отыр.

Атап айтқанда, заңда мал жаю үшін қажетті ауыл шаруашылығы жануарларының санының жүктеме нормасын 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқылы жайылымдарды пайдаланбау критериі күшейтіледі. Халықтың қажеттілігіне арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыруға да тыйым салынады.

Сонымен қатар Орман кодексіне орман және табиғат қорғау мекемелерін жыл сайын әкімдіктерге мал жаюға және шөп шабуға рұқсат етілген жайылымдар мен орман қоры туралы ақпарат беруге міндеттейтін түзету енгізілді.

Ауыл тұрғындарының мал жаюына арналған елді мекеннің айналасындағы жерлердің мәртебесін күшейту үшін "Жайылымдар туралы" заңға жазылған "қоғамдық жайылымдар" ұғымы да осы бағыттағы жаңашылдықтардың бірі екенін атап өткен жөн.

"Соңғы жылдары ауыл тұрғындары арасында жайылымдық жерлер мәселесі жиі көтеріліп жүр. Осы өзекті проблемаларды назарға алып, сенаторларымыз бірқатар заңнамалық өзгерістерге бастамашылық жасады. Атап айтқанда, жайылымдардың халыққа қолжетімділігін қамтамасыз етуге және оны ұтымды пайдалануға арналған жаңа ережелер топтамасы мақұлданып отыр. Сондай-ақ жердің құнарлығын сақтауды көздейтін тың түзетулер енгізілді. Қаралған заң жайылымдарды басқару, пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге және елімізде ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосады деп сенеміз", – деді Мәулен Әшімбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу