Жақсылық Шалабековтың ісі прокурорларға қайта жіберілді

616

Ол Қарағанды қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары болған. 

Жақсылық Шалабековтың ісі прокурорларға қайта жіберілді

Айыптау үкімінен кейін бір аптадан соң босатылған Жақсылық Шалабековтың ісі прокурорларға қайтарылды, деп жазады inbusiness.kz Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

"Қарағанды облыстық соты басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңнамасының елеулі бұзушылықтарын жою үшін Жақсылық Шалабеков пен Ермек Қасеновке қатысты қылмыстық істі Қарағанды облысының прокуратурасына қайтарды", – деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметі. 

Облыстық сотта түсіндірілгендей, сотқа дейінгі тергеу органы Жақсылық Шалабеков пен Ермек Қасеновке ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағында (алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы аса ірі мөлшерде, лауазымды адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу, яғни жымқыру) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық істеді деген айып тағылды. "Қарағанды қаласының құрылыс бөлімі" ММ басшысы болған Шалабеков пен кәсіпкер Қасенов 2018 жылы Оңтүстік-батыс ауданның көпқабатты тұрғын үйлер құрылысына бөлінген 120 594 200 теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырған. 

"Қылмыстық Кодекстің 189-бабының диспозициясы кінәліге сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін екі тәсілмен – иемдену немесе талан-таражға салу жолдарын көздейді. Заң шығарушы бұл әрекеттердің аражігін ажыратады. Шалабеков пен Қасеновке қатысты іс бойынша бөтеннің мүлкін ұрлау тәсілі сипатталмағандықтан, бұл қылмыстың объективті жағын құрап отыр. Аталған бұзушылықтар басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіреді", – деп түсіндіріледі хабарламада. 

Айта кетейік, Жақсылық Шалабеков 2020 жылғы 13 қыркүйекте сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен ұсталған. 2021 жылы 8 маусымда ҚР ҚК 361-бабының "лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану" бойынша кінәлі деп танылып, бір жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Осы жылдың 15 маусымында экс-шенеунік бостандыққа шығарылған болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу