"Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар. Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін. Қоғам да Үкіметтің жұмысына жоғары талап қояды. Бұл – өте орынды әрі қалыпты жағдай. Сондықтан Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады", – деді Президент.
Мемлекет басшысы жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтетінін айтты.
"Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық. Бұл туралы шетел өкілдеріне де айтып жүрмін. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.