Қазақстанның коммерциялық Заман-Банкі жақын арада ислам банкінің негізінде жұмыс істейді. Бұл туралы еліміздің Ұлттық банк қаржы нарығының әдістеме департаментінің басшысы Нұрлан Әбдірахманов айтты, деп хабарлайды tengrinews.kz.
"Жақын арада "Заман-Банк" АҚ ислам банкі негізінде жұмыс істейтіні жоспарланған. Бұл банк ислам қағидалары бойынша қаржыландыру жүйесімен банк қызметтерін көрсетеді", – дейді агенттіктің сұхбаттасушысы.
Оның мәлімдеуінше, қазір Қазақстанда Аl Hilal ислам банкі жұмыс істейді. 2017 жылы 1 қаңтарда оның елдегі банк жүйесіндегі үлесі 0,08 пайызға тең болды.
"Заман-Банк" АҚ акционерлері 2016 жылы шілдеде ислам банкінің жүйесіне көшу туралы шешім қабылдаған.
Ислам банкингі – шариғатқа негізделген банк жүйесі. Арамнан жиған ас болмайтынын ескерсек, ғасырларды артқа тастаған және үнемі жетілдіріліп келеді деген қазіргі әлемдік қаржы жүйесінің неліктен сан рет дағдарысқа түскені де, ал алғаш рет 1960-1970 жылдары банк жүйесі ретінде негізі қаланған, түп бастауын Құраннан алатын ислам банктерінің бүгінге дейін бірде-бір рет дефолтқа ұшырамауы да түсінікті сияқты.