Судьялар қабылдаған шешіммен, үкіммен келіспейтін жандар өте көп. Олар Жоғарғы сот сатыларына өз наразылықтарын білдіріп жатады. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды abctv.kz.
Төраға мұның өзіндік себептері бар дейді. Басты себеп – шешімдер мен үкімдерді дұрыс түсінбеу. Сондықтан сот шешімі мазмұны жағынан оқылуға оңай, жеңіл әрі түсінікті тілмен жазылуы керек.
"Заң терминдері өте көп. Кәсіби терминдер де жетерлік. Оны қарапайым адам түсіне бермейді. Бірақ, біз оны сот шешімдеріне пайдалануға міндеттіміз. Оны пайдаланған кезде қарапайым тілге аудару талап етілді", – деді Жақып Асанов.
Бұдан бөлек, сот шешімінің нақты құрылымы да болуы керек. Сот төрағасының сөзінше, шешімдердің көлемі үлкен. Оның ішінен керек дүниені табу көп жағдайда қиындық тудырады. Сондықтан, Жоғарғы сот әр шешімнің логикалық құрылымы болуға тиіс деген талап қойып отыр.
Сот шешімдеріне қатысты техникалық талап та енгізілмек. Бұған дейін мұндай талап болған емес. Сол себепті шешімдерде нақты бір абзац, нақты бір интервал болмайды. Көп жағдайда шешім ұсақ қаріптермен жазылады. Азаматтық істер бойынша қабылданған осынау нормативтік талаптар 2018 жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енетін болады.
"Оған дейін төрт айдан астам уақыт бар. Осы уақыт аралығында аудандық, қалалық судьяларды шешімді жазуға, оны түсіндіруге, шешен сөйлеуге үйрету қажет", – деді Жақып Асанов.