Жақып Асанов: Жұмысымызды жылтыратып отырмыз

726

Жақып Асанов: Жұмысымызды жылтыратып отырмыз

Жоғарғы сотта өткен "Сот шешендігі: оқыту және тәжірибе мәселелері" халықаралық конференциясында жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов сот үкімі мен шешіміне шағым түсіру статистикасын сынға алды, деп хабарлайды egemen.kz.
"Сот жүйесін қоғам сынап жатса, судьялардың жұмысы сапасыз деп бізге сын айтса, көбінесе мойындамаймыз, келіспейміз, өзімізді ақтай бастаймыз. Соттың, судьялардың жұмысы өте сапалы, себебі сотқа қатысушылардың 5% ғана арызданды деп статистикадан деректер келтіреміз. Сонда 95% жағдайда сотталғандар немесе жәбірленушілер, прокурорлар, азаматтар жоғары сатыға жүгінбеді, сот ұйғарымымен келіседі, жоғары сатыларда өзгертілетін, бұзылатын сот актілерінің саны 1 процентке де жетпейді (0,7%) дейміз. Әрине, осы цифрларды келтіріп, сот жұмысы жайлы оң пікір қалыптасыруға болады. Бірақ, осы статистиканы жіктеп қарар болсақ, мүлдем басқа картина көрер едік", - деді Жақып Асанов.

Оның айтуынша, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерді бөліп қарастыру арқылы шынайы статистиканы көруге болады.

"Істің де әр түрі бар. Даулы істер бар, даусыз істер бар. Олардың бірқатары мәмілемен аяқталады. Ал бұйрық өндірісінде тіпті пәтерақы қарызы, тұрғын-үй коммуналдық мәселелер жөнінде шешім шығарылады. Бұл жөнінде ешкім жоғары сатыға шағымданбайды. Шын мәнінде, қылмыстық істер бойынша шығарылған үкімдердің 30% шағым түскен, демек әрбір үшінші үкімге халықтың көңілі толмаған. Азаматтық істердің 20%-іне шағым түскен, жоғарыда айтылғандай 5% емес", - деді ол.   

Асановтың айтуынша, 2017 жылы Қазақстанда қылмыстық және азаматтық істер бойынша үкімдер мен шешімдердің 20,4 процентіне шағым түскен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 1%, 7%, 6%-ті ғана құрайды.

"Осылайша, даулы істерге даусыз істердің санын қосып, жұмысымызды жылтыратып отырмыз. Бірақ, "Ауруын жасырған өледі" дегендей, мұны қоғамға ашық айтуымыз керек. Сонда ғана мәселені ертерек қолға алып, жағдайды жақсарта аламыз", - деді Жақып Асанов.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу