Жалақы, ата-аналармен келіспеушілік: Ұстаздардың шағымын тыңдайтын байланыс орталығы ашылды

2321

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Instagram парақшасында хабарлады.

Жалақы, ата-аналармен келіспеушілік: Ұстаздардың шағымын тыңдайтын байланыс орталығы ашылды Фото: Inbusiness.kz коллажы

Елімізде мұғалімдердің құқығын қорғайтын 1472 байланыс орталығы ашылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық кез келген педагог енді еңбек құқығы, жалақы және ата-аналар, мектеп басшылығымен туындаған мәселелер бойынша 1472 нөміріне хабарласып, кеңес ала алады.

Министрдің айтуынша, жаңа байланыс орталығы "Ұстаз" платформасы аясында жұмыс істейді. Бұған дейін кейбір мұғалімдер өз өтініштеріне жауап алу үшін айлап күтуге, қайта-қайта сұрау салуға немесе бірнеше мекемеге жүгінуге мәжбүр болған.

"Біздің міндетіміз – осы тәртіпті өзгерту. Әр педагогтің өтініші дер кезінде қаралып, нақты шешім табуына көмектесуіміз керек", – деді министр Жұлдыз Сүлейменова.

Ұстаздар мынадай мәселелер бойынша жүгіне алады:

  • еңбек қатынастары мен еңбек жағдайларына қатысты сұрақтар;
  • жалақы мен қосымша төлемдердің дұрыс есептелуі;
  • мектеп басшылығымен немесе оқушылардың ата-аналарымен туындаған келіспеушіліктер;
  • әдістемелік қолдау алу;
  • педагогтердің кәсіби қызметіне қатысты өзге де мәселелер.

Сондай-ақ ол байланыс орталығына келіп түскен өтініштер педагогтердің құқықтары мен жеке деректерінің құпиялылығы сақтала отырып қабылданады.

Қазіргі уақытта 1472 байланыс орталығы сынақ режимінде жұмыс істеп жатыр. Келесі аптада жүйенің жұмысы тексеріліп, анықталған техникалық ақаулар жойылады.

"Біз үшін мұғалімнің өз мәселесімен жалғыз қалмауы, оның өтініші ескерусіз қалмай, дер кезінде қаралып, нақты шешім табуына көмектесу маңызды. Бұл байланыс орталығын ең алдымен әр педагогтің үнін есту үшін құрып отырмыз. Өйткені мұғалімнің құқығы мен қадір-қасиетін қорғау, оған лайықты еңбек жағдайын жасау – білім беру жүйесінің тікелей жауапкершілігі", – деді сала жетекшісі.

Министр педагогтерді жаңа мүмкіндікті пайдаланып, өз өтініштері мен ұсыныстарын жолдауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу