Коронавирус пандемиясы кесірінен әлем елдерінің үштен екісіндегі еңбекақы көлемі азайған не оның өсу қарқыны бәсеңдеген. Бұл туралы Халықаралық еңбек ұйымының соңғы баяндамасында жазылған.
Қалған елдерде табысы төмен жұмысшылардың саны қысқарғандықтан жалақы мөлшері өскен. Бірқатар мемлекет жұмыссыздықты тежеу үшін арнайы шаралар қабылдады, бұл елдерде айлық төмендегенімен, жұмыс орындары айтарлықтай азайған жоқ.
Дағдарыс әсіресе әйелдер мен еңбекақысы онсыз да төмен жұмысшыларға кері әсерін тигізген. Ұйым жариялаған құжатқа сүйенсек, мұндай теңсіздіктің арты әлемде кедейшіліктің жайлауына әкеліп соғуы мүмкін. Баяндама авторлары алдағы уақытта дағдарыс салдарынан жалақы жаппай төмендейді деп отыр.
Ескере кететін жайт, Халықаралық еңбек ұйымы 1919 жылы құрылған. 1946 жылы ол БҰҰ-ның алғашқы мамандандырылған агенттігі болып бекітілді.
Табиғат Нұрболат
Фото: usatoday.com