Жалақы төлемек түгілі жұмыскерді көлікпен қаққан мердігерге сот бар ма?

318

Астанада қосалқы мердігер компания 30-ға жуық жұмыскерді зар қақсатып қойды.

Жалақы төлемек түгілі жұмыскерді көлікпен қаққан мердігерге сот бар ма? Фото: Inbusiness.kz

2 жылдан бері істеген жұмысы үшін ақы төлемеген, қарыз да қомақты. 30 миллион теңге. Күнде уәдемен тойдырған басшының сөзіне сенуден қалған 1 топ азамат журналистер көмегіне жүгінді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Дегенмен мердігер көптің алдына да, камераға да себебін айтып, түсіндіруден бас тартты. Тіпті, жиналғандардың біреуін көлікпен іліп, аяғын басып кеткен.

Таңмен таласа қосалқы мердігерге қарызын сұрап келген Рауан Өмірханов бүгін қайта туғандай сезімде. Шошынғаны соншалық әлі аптығын баса алар емес. 2 жылдан бергі жиналған адал ақшасын сұрау үшін борышкердің көлігін тоқтатпақ болады. Бірақ Ербол Кенжинов есімді азамат газды қатты басып, сөйлесуге келген оны капотқа іліп 200 метрдей қашыққа дейін апарады. Көлікті тізгіндеген компания басшысы сонда да тоқтамайды.

"Сау тұрғанымда сол аяғымды басып кетті сол. Сөйлеспейді, қашып кетті. Көктайғақ болғаннан кейін ештеңе болған жоқ. Болатын еді, құлап қалайын деп қалдым тіпті", - дейді құрылысшы Рауан Өмірханов.

Жәбір көрген азамат енді полицияға арыз жазып, сазайын берем, деп отыр. Ал Ерболды борышкер ретінде жауапқа тарта ала ма, жоқ па ол белгісіз. Өйткені, әуелде жұмысты бастағанда 30-ға жуық азаматтың бірі де "Ткач" жеке кәсіпкерлігімен келісім шартқа отырмаған. 2019 жылы "BI group" пен Sensata-ның "Central park" тұрғын үй кешені мен "Аура" бизнес орталығының терезесін салады. Ай сайын әр жұмысшыға 100 мың теңгеден аванс беріп отырған "Ткач" басшылары қалған 30 миллион теңгені жұмыс біткен соң береміз, деп уәде еткен. 

"Мердігерлерден сұрасақ бұларға ақша бердік дейді "Ткач" ЖК-не. Ал бұлардың бізге ақша бергісі жоқ. Сотқа жүгінгенде бізде ешқандай қолымызда құжат болған жоқ. Бұлар соны жақсы пайдаланды. Ылғи қорқытатыны сол. Бұлардың өздері субподрядчик қой. Бұлардың өздері бізге ұсыныс жасады. Біз келісімшарт жасасақ әрбіріңізге не төлеуіміз керек. Былай келісімшартсыз істей берейік деді", - дейді бригадир Арман Рахманов.

"Осы қарызы үшін қанша рет үйіне бардық, кіргізбейді. Есігін тақылдатамыз, тақылдатамыз баласы шықты, баласы балағат сөз айтып шығарып салды", - дейді құрылысшылардың бірінің анасы Мәрия Рахманова.

Біраз тұрған соң "Ткачты" басқарып отырған тағы бір серіктес көзге шалынды. Алайда ол да ұстатпай кетті.

Таңертеңнен бері қақаған аязда 30 шақты жұмыскер осы жерге жиналып келіп тұр. Бірақ компания басшылары келіссөзге шықпады. 1 жарым сағат бойы күткен жұмыскерлер қазір жұмыс орындарына кетіп қалды. Енді араларында 1 адамға хабарласып, компания басшысы сағат бесте бір шешім шығарамыз деп уәде берген екен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу