Бұл жолы теміржолшылар талаптарын ортаға тастады. 200-ге тарта маман, цехтағы жұмысты тастап, ашынғаннан өре түрегелді. "Айлық шайлыққа жетпейді, не сыйақы өспейді" - деп жыларман. Ал 13 жылдан бері филиалды басқарған басшыға деген қызметкерлердің өкпесі тіптен қара қазан.
Жалақы жан бағуға жетпейді деген жұмысшылар бүгін цех ішінде осылай жаяулатып ұрандатты. Шойын көлікті жөндейтін мамандар шағымы шаш-етектен.
Мамандар жылма-жыл берер сыйақы 26 мыңнан аспай келеді дейді. Қымбатшылық қысқан кезде 70 мың тг-мен жан бағуға бола ма? - деп жыларман. Тіпті 45 жыл қалтқысыз қызмет қылған ардагердің айлығы қазір небәрі 110 мың тг ғана.
"Қамқор Локомотив" депосының басшылығы болса, көктемде жалақыны көтереміз деп уәде беріпті. Төлемнің төмендігінен бөлек, цехқа қажетті ұсақ-түйек заттарды өзіміз түгендеп шаршадық дейді.
Базынасы көп жұмысшылар басшылықтың бізге өкпесі болмауы тиіс деп санайды. Өйткені қызметкерлер кеңестік кезеңнен келе жатқан ескі-құсқы техниканы жөндеп әлек
Депода қазір жыл сайын 600-ден астам электровоз жөнделеді. Жұмысшылар мұнда цех қондырғылары да ескіріп бітті деп отыр. Тіпті жонғыш білдектің өзі сонау 1953 жылдан бері тұр. Ал депо директоры айлық өсіру менің қолымда емес дейді. Атқамінерлер Астанада болған соң, талап-тілектің тізімін сонда жіберейік дегенді айтты.
Алайда шойын көлікті шашып-құраған мамандар бұл ұсынысқа құп демеді. Жалақы жоғарылап, 230 мыңнан аспаса жұмысқа шықпаймыз деп бекініп отыр.
Қызығы, басшы депода орташа жалақы қазір 234 мың деп қайырды.
"Енді келесі жылы көтерілу керек айлық. Нақты қанша пайызға оны акционерлер өзі шешеді. Содан барын жинап, қайтадан. Бәрін ретке келтіреміз. Түсіндіріп айтамыз", деді "Қамқор Локомотив" ЖШС филиалы "Тараз локомотив жөндеу" депосының директоры Ілияс Лесбаев.
Жөндеу цехында қазір жұмыс тоқтады. Бас қаладан комиссия келіп, мәселелер қайта қаралмақ. Айта кетейік, "Қамқор Локомотив" серіктестігі "Қазақстан темір жолы" компаниясынан тапсырыс қабылдайды. Елде бас-аяғы 11 филиалы бар.
Нұрлан Асқар