Көмір өндірушілерді "Қорғау" кәсіподағы "АрселорМитталТеміртау" компаниясынан жұмысшылардың жалақысын 30 пайызға өсіруді талап етті. Бұл ақпаратты Республикалық Кәсіподақ федерациясы өздерінің сайтында жариялады.
Онда бүгін Шахтинск қаласында кәсіподақ өкілдері "АрселорМитталТеміртау" компаниясының көмір өндірісі департаментінің мамандарымен жаңа ұжымдық келісімшартта айлық көтеру келіссөзін жүргізгені айтылған. Кәсіподақ талабын жиын барысында "Kazprofmetall" тау-кен және металлургия кәсіби одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Мусин қолдайтынын білдірген.
Сондай-ақ, ол "заң бойынша өндіріс орындарында ұжымдық келісімшарт қайта жасалғанда, жалақы мөлшері бұрынғыдан төмен көрсетілмеуі тиіс", – деп мәлімдеген.
Автор: Арай Сүгірбай