Назарбаев университетінде сарапшылар Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) жасаған "Урбанизация инклюзивті және тұрақты дамудың тездеткіші ретінде" атты адамдардың дамуы жайлы ұлттық баяндамасын талқылады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов БҰҰДБ жасаған баяндамада қандай мәселеге көңіл бөлінгеніне тоқталып өтті.
"Баяндамада әлемдегі теңсіздіктің белең алуы мәселесіне көңіл бөлінді. Қазақстан да БҰҰ ұсынған 17 жаһандық мақсатқа жетуге ұмтылады. Елімізде кедейлікті жеңу, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа форматы жасалды. Былтыр ең төменгі жалақы бір жарым есе көбейді. Басқа да міндеттерді орындап жатырмыз", – деді ол.
Вице-министр ең төменгі жалақыны 73 мың теңге дейін көтеруге қатысты пікірін білдірді.
"Соңғы кеңейтілген отырыс аясында мемлекет басшысы осындай тапсырма берді. Жаңа айтқанымдай, өткен жылы ең төменгі жалақы бір жарым есе өсіп, 42 500 теңге болды. Жалақыны тағы көбейту керек. Бұл бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ең төменгі жалақыны 73 мың теңге дейін жеткізудің нақты уақыты белгіленген жоқ. Қазір төменгі жалақыны анықтау тетіктерін әзірлеп, зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Айта кету керек, жалақының былтырғы өсуі жақсы нәтиже берді. Елдегі 1 млн 300 мың адамның жалақысы өсті. Төменгі жалақыны өсіру еңбекақы төлеу қорын ұлғайтты", – деді Ақмәди Сарбасов.
Нұржан Көшкін