Жалақының төмендігі кадр тапшылығын тудыруда

900

Жалақының төмендігі кадр тапшылығын тудыруда

Павлодар облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Марат Қожаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында полиция құрамына қабылданатын қызметкерлердің сапасына қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"Тәртіп сақшыларын іріктеу биылғы жылдың 1-қаңтарынан бастап мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте жүргізіледі, - деді Марат Қожаев. – Офицерлер құрамы мен талапқа сай жоғары заңгер білімі болуы тиіс қызметкерлерді таңдау бойынша ешбір қиындық жоқ. Дегенмен өзінің қызметтік міндетін көшелерде  атқаратын мамандарды қабылдау бойынша кадрмен қамтамасыз ету күрделі. Қатардағы полицейлерге қарапайым талап қойылады. Арнайы білім мен Отан алдындағы борышын өтеген, созылмалы ауруға шалдықпаған болса жеткілікті".

Департамент бастығының айтуынша, жастар үшін өңірдегі зауыттар мен кәсіпорындар ұсынатын мүмкіндіктер анағұрлым жоғары. Себебі полиция қатарына келетіндердің еңбекақысы төмен және ешбір әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер қарастырылмаған. Сондықтан жалақысы жоғары жұмысқа тұра алмаған азаматтарды алуға тура келеді. 2017 жылы ішкі істер органдарында 330 бос орын ұсынылған. Оның ішінде жұмысқа тұруға ниет білдірген 193 үміткердің 35-і немесе 18 пайызы ғана өткен. Қазіргі таңда министрлік жол-патрульдік полиция лауазымын сержанттар құрамынан офицерлерге ауыстыру мәселесін қарастыруда.

"Полиция қатарына жастарды тарту мақсатында оқу орындарын аралап, қызметке қабылдау тәртібі түсіндіріледі. С. Торайғыров атындағы ПМУ және Әль-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетімен түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша келісімге қол қойылған", - деді Марат Қожаев. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу